Қазақстандық офицерін Түркия президенті марапаттады
Түркияда салтанатты жиын өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия астанасында Жандармерия және жағалау күзеті академиясының түлектерін марапаттау рәсімі өтті. Шараға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қатысып, түлектерге дипломдарын табыстады.
Салтанатты рәсімде диплом алғандардың қатарында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының тоғыз жас офицері бар. Олардың ішінде лейтенант Асхат Сұлтанахмет те бар. Бұл сәт Қазақстан мен Түркия арасындағы сенім мен серіктестіктің айқын белгісі ретінде бағаланды.
«Түркия тарапынан ресми шақырумен салтанатты іс-шараға ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Ансаған Балтабеков бастаған делегация қатысты», – делінген хабарламада.
Қазақстандық делегация сапар барысында жандармерияның жеке құрамды даярлау жүйесімен, заманауи әскери білім беру әдістерімен танысты. Сондай-ақ, Жандармерияның логистика командованиесінде, арнайы мақсаттағы JӦАК оқу орталығында және байланыс пен ақпараттық жүйелерді басқару орталығында болды.
Сапар аясында Ұлттық ұланның бас қолбасшысы түрік әріптесі, армия генералы Али Чардакшымен ресми кездесу өткізді. Бұл жиын әскери білім беру мен кадр даярлау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.
Айта кетейік, қазірдің өзінде Түркиядағы Жандармерия және жағалау күзеті академиясында Қазақстанның 33 әскери қызметкері білім алып жатыр.
Материал авторы