Путин: Украинаға кірген шетелдік әскерилерді жоямыз
Ресей президенті Украина аумағында кез келген шетелдік контингентке соққы жасалатынын мәлімдеді
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағында шетелдік әскери контингент пайда болған жағдайда, оларды Ресей армиясы «заңды нысана» ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 5 қыркүйекте Владивостокта өткен Шығыс экономикалық форумында айтты.
«Егер қазіргідей соғыс жағдайында Украинада қандай да бір әскерилер пайда болса, біз оларды жоюға заңды нысана деп қабылдаймыз. Өйткені соғыстың басталуына себептердің бірі – Украинаны НАТО-ға тарту әрекеті», – деді Путин.
Сонымен бірге ол, егер ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізетін келісім жасалса, Украинада шетелдік әскери күштердің болуына қажеттілік болмайды деп қосты. Ресей, оның айтуынша, мұндай келісім орындалса, оған толықтай бағынатынын және қауіпсіздік кепілдіктерін өзіне де, Украинаға да қарастыруға дайын екенін айтты.
Путин Зеленскиймен ықтимал кездесуге де тоқталды. Ол саммитті тек Мәскеуде өткізуге болатынын айтты. Ал Украина президенті Ресей астанасына бару ұсынысын бірнеше рет «қабылдауға болмайтын» шарт деп атаған.
Осыған дейін Парижде өткен «еріктілер коалициясының» саммитінде Франция президенті Эммануэль Макрон соғыстан кейінгі бейбітшілік миссиясына 26 мемлекет қатысуға әзір екенін хабарлаған. Ал НАТО басшысы Марк Рютте Мәскеудің батыс елдерінің Украинадағы болашағын анықтауға құқы жоқ екенін атап өтті.
Материал авторы