11430

Ақмола облысында дәрігер хәлі ауыр науқастың отбасын алдап соқты

Дәрігер науқастың жақындарынан ірі көлемдегі ақшаны алдап алғаны үшін сотталды.

Ақмола облысында дәрігер хәлі ауыр науқастың отбасын алдап соқты
Depositphotos

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында дәрігер өз қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ауыр халдегі науқастың туыстарынан ірі көлемде ақша алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Атбасар аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 2025 жылдың шілдесінде болған. Атбасардағы көпсалалы ауруханада терапиялық бөлім меңгерушісінің міндетін уақытша атқарған дәрігер Р. қант диабеті мен жүрек ауруымен түскен науқасты қабылдайды. Ол науқастың тегін медициналық көмекке құқығы барын біле тұра, туысын әдейі жаңылыстырып, ірі көлемде ақша алмақ болған.

Сот дерегінше, дәрігер науқастың жағдайын «аса ауыр» деп көрсетіп, оны Астанадағы №2 қалалық ауруханаға ақылы негізде жеткізуге көндірген. Ол кардиохирургпен ешқандай келісім жасамағанына қарамастан, науқастың туысынан ем-дом үшін 1,5 миллион теңге талап еткен. Жәбірленуші бір күнде 500 мың теңге, ертесінде тағы 1 миллион теңгені дәрігер көрсеткен есепшотқа аударып жіберген.

Тергеу барысында дәрігер кінәсін мойындады. Оның алаяқтық әрекеті жәбірленушінің сөзімен, сараптамалық қорытындымен және тәркіленген заттай айғақтармен дәлелденді.

Сот үкімімен Р.-ға екі жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, үш жылға дейін медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Материал авторы