SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әйелдердің қоғамдық орындардағы тәртібіне қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде дөрекілік, ұрыс-керіс пен төбелес жиі кездесетін құбылысқа айналған.
«Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады.
Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс», — деді ол.
Тоқаевтың пікірінше, прогрессивті ұлт болу үшін қоғам теріс мінез-құлық үлгілерінен арылуы керек.
Президент ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзін еске алып, мәдениет пен тәртіп әр азамат пен әр отбасынан басталатынын атап өтті.
RUS