«Өлтірдім деп мақтанды»: Талғарда адам өлтіріп, баланы кепілге алған күдікті ұсталды
Қазір күдікті мен оның екі сыбайласы қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында 30 жастағы Ернар Тұрғанбек кісі қолынан қаза тапты. Күдікті қылмыстан кейін марқұмның туыстарын қорқытып, екі жастағы баланы кепілге алған.
Жәбірленушілердің сөзінше, 26 жастағы күдікті бұған дейін зорлық-зомбылық жасап, бірнеше ай қысым көрсеткен. Оған қатысты полицияға арыз да жазылған, алайда күдікті бостандықта қалған.
Қанды оқиға марқұм дүкеннен қайтып келе жатқанда болған. Жолда оларды бөгеген күдікті мылтықпен Ернар Тұрғанбектің жүрек тұсына оқ атып, оқиға орнында мерт қылған. Кейін ол сыбайластарымен бірге марқұмның үйіне баса-көктеп кіріп, туыстарын қарумен қорқытқан.
Марқұмның әйелі күдіктінің өзін «қолыңнан өлтірдім» деп мақтанышпен айтқанын жеткізді.
Қарындасын таппаған соң күдікті оның екі жасар қызын кепілге алып, тауға қарай қашқан. Полиция дрон арқылы іздеп тауып, күдіктіні ұстады. Қыз бен күдікті отырған көлік жардан құлағанымен, ағашқа тіреліп, екеуі тірі қалған. Бала құтқарылып, ауруханаға жеткізілді.
Қазір күдікті мен оның екі сыбайласы қамауға алынды. Жәбірленушілердің айтуынша, қыз жарақат алып, тілін тігуге ота жасалған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, күдіктіге уақытылы шара қолданбағаны үшін Талғар ауданының полициясына қатысты да тергеу басталды.
Материал авторы