Талғардағы қанды оқиға: Адвокат жәбірленуші отбасының атынан мәлімдеме жасады
Марқұмның артында үш баласы мен жүкті жұбайы қалған еді. Желіде әйелді қаралайтын жазбалар көбейгені белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғарда болған қызды ұрлап, оның ағасын өлтіру ісіне қатысты жәбірленуші отбасының адвокаты Гаухар Сариева қоғамдағы пікірталастарға жауап берді. Оның айтуынша, қылмысқа күдіктінің туыстары жәбірленуші әйелді кінәлап, әлеуметтік желілерде хейт таратқан.
«Ешкім де қауіпті немесе агрессивті адаммен кездеспейміз деп кепілдік бере алмайды. Бұл кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Бірақ ешбір сөз де, әрекет те, жағдай да кісі өлтіруге, ұрлауға немесе қорлауға себеп бола алмайды. Жәбірленушіні кінәлау – қылмыскерді ақтау деген сөз», – деп жазды Сариева.
Адвокаттың айтуынша, трагедияның себебі – қылмыскерге дер кезінде шара қолданылмауы. Бұған дейін жәбірленуші әйел күдіктіні зорлау және бопсалау фактісі бойынша полицияға бірнеше рет арыз жазған. Бірақ нақты шара қабылданбаған.
6 қыркүйекте күдікті қарумен үйге баса-көктеп кіріп, 27 жастағы ағасын атып өлтірген. Марқұмның артында үш баласы мен жүкті жұбайы қалды. Сол сәтте ол жәбірленушінің екі жасар қызын ұрлап кеткен. Кейін полиция қылмыскерді қуып жүріп ұстады. Қыз бала жарақат алып, оған операция жасалды.
Қазіргі таңда күдікті қамауда. Оған «Кісі өлтіру», «Кісі ұрлау», «Зорлау» баптары бойынша бірнеше іс қозғалған. Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың шағымдарын қарамаған полицейлерге қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр.
Бала қазір анасымен бірге ауруханада, оларға психологтардың көмегі көрсетілуде.
Материал авторы