931

«2003-2005 жылғы қыздар»: Жамбылда ер адам балаларды зорлап келген

Ол мұндай ауыр қылмысы үшін 22 жыл түрмеде отыратын болды.

«2003-2005 жылғы қыздар»: Жамбылда ер адам балаларды зорлап келген
Freepik

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К. есімді тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол кәмелет жасына толмаған қыздарға зорлық-зомбылық жасап, сексуалдық сипаттағы әрекеттерге барғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот дерегінше, 2011–2015 жылдары К. Қордай ауылындағы өз үйінде, ешкім болмаған кезде туған жиенін (2003 жылы туған Д. есімді қыз) бірнеше рет зорлаған.

2024 жылдың қарашасында ол тағы да сол қызға қатысты қылмыстық әрекетін қайталаған. Ал 2018 жылдың мамыры мен тамызы аралығында басқа бір қызға (2005 жылы туған О. есімді, туыстық қатысы жоқ) қатысты азғындық әрекеттер жасаған.

Сотта жәбірленушілер кінәліні кешірмей, қатаң жаза тағайындауды және моральдық шығынды өндіріп беруді талап етті. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындамаған.

Сот бұрын сотталмағанын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

«Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойына кәмелет жасына толмағандармен жұмыс істеуге байланысты кез келген лауазым атқару құқығынан айырылды. Жәбірленушілердің пайдасына 13 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру шешілді», – делінген сот хабарламасында.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы