Алматы әуежайындағы дау: Ақтаулық прокурор ақталды
Әуежайда шу шығарды деген прокурор кінәсіз боп шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы әуежайында шу шықты деп айыпталған Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров сотта кінәсіз деп танылды. Бұл туралы «Ақ Жайық» жазды.
Соттың шешіміне сәйкес, Әбдіровтің әрекетінде ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша құқық бұзушылық құрамы жоқ. Ол қоғамдық орында балағат сөз айтпаған, өзгелерге тиіспеген және тыныштықты бұзатын әрекет жасамаған.
Оқиға 27 тамызда Алматы әуежайында болған. Прокурор сол жерде өз жерлестері болып шыққан екі ағайындымен танысқан. Кейін оларды ұшаққа апаратын автобустың ішінде түсініксіз жағдай орын алғаны айтылады.
28 тамызда әуежайдың желілік полиция қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Бірақ сотта куәгер болған ағайындылар прокурормен ешқандай жанжал болмағанын айтып, оған еш шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Сот автобус қоғамдық көлікке жатпайтынын, арнайы тасымал құралы екенін ескерді. Сонымен қатар сараптама нәтижесі де жарияланды: прокурордың есі анық болған, сөзі мен ойы жүйелі, уақыт пен жағдайды дұрыс бағамдай алған.
10 қыркүйекте судья істі құқық бұзушылық құрамы жоқ деп тоқтатты. Дегенмен, шешімге он күн ішінде шағым түсіруге немесе апелляция беруге болады.
Алматыдағы шу: прокурорға тағылған айыптың бәрі жоққа шықты
Материал авторы