SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Сырым Исабаев біраз уақыт сахнадан алыстап кеткен кезінде түрлі ауыр сөз естіп, кемсітуге тап болғанын жасырмады. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанның подкастында айтты.
Әншінің айтуынша, көпшілік сыртқы көрініске қарап қана баға берген кездер аз болмаған.
«Бір күні жанармай құю бекетіне бардым. Қызметкер жоқ болған соң, бензинді өзім құйып тұрдым. Ол кезде Кобальт мініп жүргенмін. Сол сәтте қасымдағы көліктен бір кісі: "Сәке, сізге не болды? Әнші боп жүргенде жарқырап едіңіз ғой" деді де, көлігіне отырып кете барды. Оның айтқан сөзі ішімде қалып қойды. Өнер адамының сыртқы түрін ғана көреді, бірақ ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді ғой», – деді Исабаев.
Әнші бұл оқиғадан кейінгі көңіл күйін музыкаға арнағанын да айтты.
«Леңгір жақта бір аранжировщик жігіт бар еді, соған хабарласып, музыка қосуды сұрадым. Не айта алмай жүргенімді өзім де білмеймін. Қолға кітап алып, парақтап отырғанда "Өкінбеймін" деген сөзге көзім түсті. Міне, дәл осы менің ішімде айтылмай жүрген дүние екен деп ойладым. Сөйтіп, бірден ән туды. Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетеді ғой», – деді ол.
RUS