Мойынқұмдық қыз мемлекетке 2,5 млн теңге қайтаруға міндеттелді
Түлек ауылда жұмыс істемегені үшін істі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты ауыл жастарына арналған грантпен оқып, жолдама бойынша жұмысқа бармаған түлекке қатысты шешім шығарды.
Сот дерегінше, бойжеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикалық бюджет қаржысы есебінен білім алған. Оның оқуына мемлекеттен 2,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қолданыстағы заңға сәйкес, мұндай квота бойынша оқыған түлектер жолдама берілген жерде кемінде үш жыл еңбек етуге немесе мемлекет шығынын қайтаруға міндетті. Алайда студент қыз 2023 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін жұмыс орнына бармаған әрі Жұмыспен қамту орталығына тіркелмеген. Осы себепті «Қаржы орталығы» одан 2,5 млн теңге негізгі қарыз бен 666 мың теңге тұрақсыздық айыбын өндіруді талап еткен.
Сотта жауапкердің өкілі негізгі қарызды төлеуге келісім берген.
«Сот талапты ішінара қанағаттандырып, 2,5 млн теңгені өндіріп беруді міндеттеді. Ал талап қоюшының уақытылы жүгінбеуін ескере отырып, тұрақсыздық айыбын 66 мың теңгеге дейін азайтты. Шешім заңды күшіне енді», – деп хабарлады Жамбыл соттарының баспасөз қызметі.
Материал авторы