SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтаудың бас прокуроры Ерболат Әбдіровке қатысты әкімшілік іс бойынша алғашқы соттың шешімі өзгертілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы хабарлады.
Апелляциялық сот 27 тамыз 2025 жылы Алматы әуежайында болған оқиғаға байланысты алғашқы инстанцияның «кінәсіз» деген шешімін негізсіз деп таныды. Материалдарға сәйкес, Әбдіров түнгі сағат 23:00 шамасында Алматы – Астана бағыты бойынша KS-955 рейсінің автобусында жолаушыларға тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
«Іс материалдары – әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, куәгерлердің айғақтары, әуежай мен полиция қызметкерлерінің актілері мен рапорттары – оның кінәсін дәлелдейді. Апелляциялық алқа бұл әрекетті Қылмыстық кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес ұсақ бұзақылық деп таныды. Сөйтіп, алғашқы соттың заңсыз әрі негізсіз қаулысы күшін жойып, Әбдіровке 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды», – делінген сот хабарламасында.
Бұл шешім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Әбдіров еңбек демалысында жүргенде Астанадан Алматыға ұшып келген соң әуежайда «мас күйде жанжал жасағаны үшін» ұсталғаны хабарланған. 10 қыркүйекте істі қараған судья оның әрекетінде құқықбұзушылық құрамы жоқ деп, іс жүргізуді тоқтатқан еді.
Алайда Алматы қаласының авиациялық көлік прокуроры бұл шешімге наразылық білдіріп, істі қайта қарауды талап еткен болатын.
RUS