357

Дәрігерлердің салғырттығы қазақстандық әйелді үш ота жасауға мәжбүр еткен

Әйел дәрігерлерді сотқа беріп, жеңіп шықты.

Дәрігерлердің салғырттығы қазақстандық әйелді үш ота жасауға мәжбүр еткен
pixabay

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында пациент әйел дәрігерлерді сотқа беріп, моральдық және материалдық өтемақы өндіріп алды.

Оқиға 2025 жылдың қаңтарында Шу қаласында болған. Жергілікті ауруханада оған өт қалтасын алып тастау операциясы жасалған. Бірақ отадан кейін жағдайы күрт нашарлап кеткен. Әйелдің айтуынша, дәрігерлер қажетті шараларды дер кезінде қабылдамаған, тек ауырсынуды басатын дәрі берумен шектелген. Тексерістен соң «патология жоқ» деген қорытынды жасаған.

Тек туыстарының табандылығынан кейін ғана пациент Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханаға ауыстырылды. Сол жерде УДЗ кезінде іш қуысына 1,5 литрден астам өт жиналғаны анықталды. Әйелге шұғыл ота жасалды. Алайда мамыр айында Алматыда оған үшінші, күрделі операция жасауға тура келген.

Пациент мұның барлығын дәрігерлердің салғырттығы, дер кезінде көмек көрсетпеуі және қате диагнозбен байланыстырды. Ол сотқа шағым түсіріп, өтемақы талап етті.

Іс материалдарында көрсетілгендей, хирург кінәсін ішінара мойындап, өз еркімен 1 млн теңге төлеген, палата мен дәрі-дәрмек шығындарын өтеген және үшінші отаға дайындықтың бір бөлігін қаржыландырған. Бірақ, жәбірленушінің айтуынша, бұл жалпы шығынның тек аз бөлігін ғана жапқан.

Сот барысында тараптар медиацияға келісті. Келісім бойынша:

хирург 400 мың теңге төлейді;

аурухана 2 млн теңге өтемақы береді.

Сот медиативтік келісімді бекітіп, істі тоқтатты.

Материал авторы