397

ЕО-ға дүрсе қақты: Израиль министрі еврейлерге қысым күшейіп бара жатқанын айтты

ЕуроОдақ тек Израильге қарсы және өлі еврейлерді ғана жақсы көреді дейді министр.

ЕО-ға дүрсе қақты: Израиль министрі еврейлерге қысым күшейіп бара жатқанын айтты
AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израильдің диаспора істері және әлеуметтік теңдік министрі Амихай Шикли Еуропалық одақты қатаң сынға алды. Ол ЕО-ны «тек екі түрлі еврейді қабылдайды: Израильге қарсы шыққандарды және өлі еврейлерді» деп сипаттады.

Шиклидің бұл мәлімдемесі Euronews-ке берген сұхбатында айтылды. Оның сөзінше, Еуропа қазір «радикалды исламмен күрес пен толық капитуляцияның арасында тұр». Министр әсіресе Бельгияны сынап, жергілікті еврейлерге елден дереу кетуге кеңес берді.

«Бельгия толық берілді. Бұл елде болашақ та, үміт те жоқ. Әрбір еврей шұғыл түрде бұл бақытсыз елді тастап кетуі керек», – деді ол.

Шикли Ұлыбритания мен Францияда «сақтықпен болса да оптимизм бар» екенін атап өтсе, Венгрия мен Чехияны «ақылды иммиграциялық саясат жүргізіп отырған Еуропадағы жарық нүктелер» деп атады.

Бұл сөздер Еурокомиссияның Израильге қатысты қатаң шараларды жариялағаннан кейін айтылды. Урсула фон дер Ляйен Израильге «қолдан жасалған аштық» пен «екі мемлекеттілік шешімін жоққа шығару» әрекеттері үшін қысым жасалатынын мәлімдеген. Ол Израильге бағытталған төлемдерді тоқтатуды ұсынып, тек «Яд Вашем» Холокост орталығына және азаматтық қоғам жобаларына қаржыландыру жалғасатынын жеткізді.

Израиль министрі бұл шешімді сынға алып, «ЕО жүздеген миллион еуроны Израильді геноцидте айыптайтын ұйымдарға береді, содан кейін солардың баяндамаларына сүйеніп, израильдік тауарларға бойкот жариялайды. Урсула үшін «Яд Вашем» маңызды, ал тірі еврейлердің еш құны жоқ» деп айтты.

Еурокомиссия өз кезегінде Еуропадағы еврейлердің қауіпсіздігін күшейтуге уәде берді және «Газадағы соғысты Еуропаға тасуға тырысқандарды» айыптады.

Материал авторы