SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірім қатарластарының соққысынан қаза тапты. Марқұмның анасы видеоүндеу жариялап, ұлының ұзақ уақыт бойы жоғары сынып оқушыларының әлімжеттігіне ұшырап келгенін мәлімдеді. Ол президенттен көмек сұрады.
Әйелдің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні баласын 11-сыныптың бірнеше оқушысы қайта-қайта қоңырау шалып, далаға шақырған. Артынан 9-сыныпта оқитын інісі де бірге еріп шыққан.
«Ұлымды мәдениет үйінің артына апарып, бес бала аяусыз соққыға жыққан. Кішкентай інімді теріс қаратып қойған. Балам тоқтауды өтінгенімен, олар ұруды жалғастыра берген. Қатты соққыдан кейін дүкенге жіберіп, сусын алдырыпты. Оралған соң тағы да соққыға жығып, жүрек тұсынан ұрып өлтірген. Олар мектепте күн сайын ақша талап етіп, дүние алдыртып келген екен», – деді ол.
Марқұмның анасы ұлын ұрған бесеудің үшеуі ғана қамауға алынғанын, ал қалған екеуі бостандықта жүргенін айтып, наразылық білдірді.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Шу ауданындағы қылмыс фактісі бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Үш күдікті қамақта, ал тағы екі кәмелетке толмаған сот шешімімен үй қамағына жіберілді. Тергеу барысы департамент басшылығының қатаң бақылауында», – делінген хабарламада.
RUS