SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Chevron корпорациясы Қазақстандағы Теңіз кен орнындағы келісімшартты ұзартуды басты стратегиялық басымдықтарының бірі деп жариялады. Бұл туралы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт Bloomberg шолушысы Хавьер Бласқа берген сұхбатында айтты.
Уирттің сөзінше, Теңіз жобасы Chevron-ның жаһандық табысының негізгі факторына айналған. 2025 жылдың екінші тоқсанында корпорация тарихындағы ең жоғары мұнай өндіру көлеміне қол жеткізген. Бұл жетістік тікелей Теңіздегі кеңейту жобасымен байланысты.
Chevron акциялары өткен жылы 13%-ға қымбаттап, ірі мұнай алпауыттары арасында ең жақсы нәтиже көрсеткен. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы кен орындары америкалық компанияға басты бәсекелесі Exxon Mobil-ге қарсы артықшылық беріп отыр.
Майкл Уирт Теңіз бойынша қолданыстағы келісімшарт 2033 жылы аяқталатынын еске салып, оны ұзарту үшін Қазақстан үкіметімен келіссөздер басталғанын айтты:
«Бізде алда сегіз жыл бар. Үкіметпен келіссөздерді бастап кеттік. Бұл мәселені өзімнің басшылық кезеңімде аяқтағым келеді, оны келесіге қалдырғым жоқ», — деді ол.
Bloomberg сарапшысы Хавьер Блас та Chevron-ның Қазақстандағы бағыты компанияны «ақша фабрикасына» айналдырып отырғанын атап өтті. Мысалы, егер 2010 жылдардың басында мұнай бағасы барреліне 100 доллар болғанда корпорацияның жылдық пайдасы 3,9 млрд долларды құраса, өткен жылы барреліне небәрі 80 доллар бағамен табыс 15 млрд долларға жеткен.
Айта кетейік, жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін анағұрлым тиімді шарттармен мұнай компанияларымен келісімдерді қайта қарау қажеттігін мәлімдеген еді. Осыған байланысты кейбір сарапшылар Chevron-мен келісімшартты ұзартпау туралы ұсыныстар да білдірген.
RUS