76 жастағы әжені баспалдақтан итеріп жіберген Амантай қажы жазадан құтылды
Амантай қажының даулы ісі сотта тоқтатылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Алмалы аудандық сотында 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Белгілі қоғам қайраткері спорт кешенінде әйелді баспалдақтан итерді деп айыпталған болатын.
Шілдеде әлеуметтік желілерде тараған видеода Амантай қажының әйелді баспалдақтан құлатып жібергені көрсетілген. Жәбірленуші жамбас сүйегін сындырып алғаны айтылды.
Алғашында іс ҚР ҚК-нің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша қозғалды. Кейін айыптау 114-баптың 3-бөлігіне («Денсаулыққа абайсызда ауыр зиян келтіру») өзгертілді. Бұл бап ең көп дегенде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
23 қыркүйекте өткен сот отырысында жәбірленуші тарап процеске қатыспады. Судья Ернар Қасымбектің айтуынша, әйел медиативтік келісімге қол қойып, талап-арызынан бас тартқан. Ол Амантай қажы келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтегенін мәлімдеген.
«Мен таза, адал адаммын. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, оны итермедім», – деді сотта Амантай қажы.
Судья істі тараптардың бітімге келуіне байланысты тоқтату туралы шешім шығарды. Өтемақының нақты сомасы жария етілмеді, бірақ қорғаушысы «отбасы қомақты қаржы төлегенін» айтты.
Материал авторы