SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өзбекстан билігі өткен жылы қабылданған қаулыны ресми түрде бекітті. Енді елдегі үйлену тойларына 200 адамнан артық шақыруға болмайды. Бұл туралы Lex.uz порталы жеткізді.
Құжатқа сәйкес, тойға шақырылатын қонақтар саны 200-мен шектеледі, ал дәстүрлі палау басы сияқты шараларға – 250 адамға дейін рұқсат. Егер қосарланған той немесе екі палау беру рәсімі ұйымдастырылса, ең көбі 250 және 300 қонаққа жол беріледі.
Сонымен қатар, құжатта шамадан тыс шығынға апаратын әдет-ғұрыптарға да шектеу қойылған. Мәселен, ақша мен мата таратуға тыйым салынды. Билік мұндай шығындар көп жағдайда отбасыларға ауыр қаржылық салмақ түсіретінін айтады.
Үкіметтің негізгі мақсаты – қонақ санын қадағалау емес, халықтың негізсіз шығынға ұрынбауын қамтамасыз ету. Бұл шара «Рационалды тұтыну» бағдарламасы аясында қабылданып, іс-шараларды бақылау мен сапалы өніммен қамтуға бағытталған.
Айта кетейік, бес жыл бұрын да Өзбекстан парламенті тойдағы қонақ санын шектеу туралы қаулы қабылдаған болатын. Алайда жергілікті журналистердің айтуынша, ол ереже іс жүзінде орындалмаған.
RUS