SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда төрт баланың анасы сот арқылы мемлекеттен ерекше күтімді қажет ететін қызының оқуына жұмсаған қаражатын өндіріп алды.
2024 жылы әйелдің 8 жастағы қызына «балалар аутизмі» диагнозы қойылып, денсаулығына байланысты II топтағы шектеу берілген. Дәрігерлердің ұсынымы бойынша бала үйде оқытылуға тиіс болған. Анасы арнайы педагогтарды жалдап, оқуын қамтамасыз еткен, бірақ шығынды өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болыпты.
Анасы мемлекет тарапынан қарастырылған өтемақы туралы тек 2025 жылы білген. Сол кезде құзырлы органға өтініш жасағанымен, жауапты ведомство тек 2025 жылдың бес айына ғана өтемақы төлеуге келіскен. Ал 2024 жылдың соңғы төрт айындағы шығынды өтеуден бас тартып, «төлем тек өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі» деп түсіндірген. Қала әкімі де бұл мәселеде қолдау көрсетпеген.
Сот отырысында анасы бұған дейін мұндай төлем бар екенін білмегенін айтты. Жауапты орган да азаматтарды бұл құқық туралы дер кезінде хабардар етпегені анықталды. Сот баланың 2024-2025 оқу жылында үйде оқығанын, анасының шығынды өз қаражатына жапқанын ескеріп, әділдік және орынды өтемақы принциптеріне сүйене отырып, істі ананың пайдасына шешті.
Енді уәкілетті орган 2024 жылдың төрт айына да төлем жасауға міндеттелді. Атырау облыстық сотының шешімі заңды күшіне енді.
RUS