743

Қазақстанда алғаш рет қарасора өсіруге рұқсат берілді

Үкімет техникалық қарасораны өсіруге жол ашты.

Қазақстанда алғаш рет қарасора өсіруге рұқсат берілді
Pixabay

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан үкіметі өндірістік мақсатта өсіруге болатын қарасора (каннабис) сорттарының ресми тізімін бекітті.

Үкімет қаулысы бүгін, 24 қыркүйекте, премьер-министрдің ресми сайтында жарияланды.

«Есірткі немесе психотроптық заттар жасауға қатысы жоқ өндірістік мақсаттар үшін өсіруге рұқсат етілген қарасора (каннабис) сорттарының тізімі бекітілсін», – делінген құжатта.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді. Рұқсат етілген сорттардың толық тізімімен электронды үкімет порталынан танысуға болады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында өндірістік мақсаттағы каннабис өсіру нормалары түсіндірілгенін айтқан. Оның сөзінше, есірткі айналымын бақылау комитеті төрт кәсіпкерге лицензия берген.

Төтенше жағдайлар министрлігі де тұрғындардың алаңдаушылығына жауап беріп, «рұқсат етілген сорттар есірткілік әсері жоқ техникалық кенеп» екенін мәлімдеген.

Жазда қазақстандық паспорт пен жеке куәліктерге арналған қағазды енді кенептен өндіру жоспарланып жатқаны хабарланған.

Материал авторы