Шерзаттың үйін өртеу ісі қайта тергеле ме? Бас прокуратура түсініктеме берді
Ресейлік әріптестеріміздің құқықтық көмегін күтіп отырмыз дейді Бас прокурордың орынбасары.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Талғарда қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың отбасына тиесілі үйдің өртенуі бойынша іс әзірге қайта қозғалған жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.
Алматы облысының прокуратурасы бұған дейін тергеу мерзімінің уақытша тоқтатылғанын хабарлаған еді. Себебі – Ресей тарапына жолданған халықаралық тергеу тапсырмасына жауап күтіп отыр.
«Қазіргі таңда жаңалық жоқ. Біз ресейлік әріптестеріміздің құқықтық көмегін күтіп отырмыз. Құжаттар келген бойда қажетті шаралар қабылданып, тергеу қайта жалғасады», – деді Қойгелдиев.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 2024 жылғы 12 қазанда болған. Талғар ауданы Азат ауылындағы Шерзат Полаттың отбасы тұратын үйді белгісіз біреулер өртеп жіберген. Абырой болғанда, сол түні отбасы басқа жерде қонып жатқандықтан, адам шығыны болмады. Полиция өрттен кейін қылмыстық іс қозғап, отбасына қорғау шарасын енгізді.
Қаза тапқан жасөспірімнің жақындарына жаңа баспана салу мәселесін Алматы облысының әкімдігі өз бақылауына алған. Отбасының заңгері Мейіржан Шекеевтің айтуынша, үйдің құрылысы мен құжаттандыру толық аяқталмаған, тұрмысқа қажет заттардың бір бөлігі – газ плита, перде және өзге де жабдықтар жетіспейді. Сол себепті олар әлі де қоғам тарапынан көмекке мұқтаж.
Жоспар бойынша жаңа үй 2025 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі.
Бұл оқиға жұртшылықтың ерекше назарында. Әлеуметтік желі қолданушылары қайғыға ортақтасып, «жаны жәннәтта болсын», «арты қайырлы болсын» деп жылы лебіздерін білдіруде.
Материал авторы