Елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында қатаң шаралар қолға алынуда. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, үстемеақыны шектен тыс көтерген саудагерлерге айыппұл салынып, қажетсіз делдалдар нарықтан аластатылып жатыр. Бұған қоса, азық-түлік жәрмеңкелері дәстүрлі түрде өткізіліп, халыққа тауарлар нарықтан төмен бағамен ұсынылуда.
Бағаның ең өзекті тақырыбы — сиыр еті. Делдалдар келісіне кемінде 600 теңге қосып, бағаны негізсіз қымбаттатуда. Тек соңғы уақытта ғана сиыр етіне артық үстеме қосқаны үшін 45 қаулы рәсімделіп, соның 33-і айыппұлға ұласқан. Енді мониторингтік топтар ет жеткізу барысын тұрақты қадағалайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебі бойынша, бір келі сиыр етінің өзіндік құны — 2 800–3 100 теңге. 15 пайыздық үстемемен ол 3 400–3 500 теңгеден аспауы тиіс. Алайда қазір кейбір сатылым орындарында бағасы 4 300 теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде, Өзбекстан мен Тәжікстанда ет 6 500 теңге болса, Ресейде — 8 500, Түркияда 13 000 теңгеге дейін барады.
Жыл басынан бері бағаға қатысты 2 562 әкімшілік қаулы шығарылып, 56,5 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген. 1 202 сатушы ескерту алып, 2 191 жағдайда үстемеақы асырып жібергені анықталған. Соның ішінде 1 020 сатушы 39,6 млн теңге айыппұл төлеген. Өңірлерде 345 делдалдың қызметі тоқтатылды.
Бағаны тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылып келеді. Өткен сенбіде ғана ел аумағында 195 тоннадан астам сиыр еті төмен бағамен сатылды.
-
Қостанайда — 83 тонна,
-
Астанада — 61 тонна,
-
Абай облысында — 19 тонна.
Қызылордадағы ең арзан баға — 2 400–2 500 теңге, Түркістанда — 2 600 теңге. Жыл басынан бері 3 700-ден астам жәрмеңке өтіп, жыл соңына дейін тағы 1 300-ден астамын өткізу жоспарланған.
Ірі сауда желілерінде «Береке Fest» акциясы өтіп жатыр. Бұл бастама қазақстандық өндірушілерге нарықтан төмен бағамен өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, делдалдардың қысқаруы, жәрмеңкелер мен арнайы акциялардың жиі өтуі бағаны ұстап тұруға оң ықпал етеді.
Серік Алдан
RUS