Петропавлда дәрігерлерге берілген қызметтік пәтерлерді босату туралы сот шешім шығарды
Дәрігерлер тегін үйден шыққысы келмеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлдағы «Дәрігерлер үйінде» тұрып жатқан алты отбасы баспананы босатуы тиіс. Мұндай шешімді сот қабылдады.
СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «Дәрігерлер үйі» жас мамандарға уақытша әлеуметтік қолдау ретінде берілетін баспана саналады. Дегенмен кейбір дәрігерлер онда он жылдан аса уақыт тұрған.
«Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін пәтерді босату туралы ескерту жасалды. Бірақ тұрғындар өз еркімен көшуден бас тартты. Сондықтан біз жас мамандар мен өңірге жаңадан келген дәрігерлерді қамтамасыз ету үшін сотқа талап арыз бердік», — деді басқарма басшысы Сәкен Әмрин.
Сот басқарманың талап арызын қанағаттандырып, алты отбасының пәтерден шығуына шешім қабылдады. Бұл шешім 30 күнтізбелік күн өткен соң заңды күшіне енеді. Осы уақыт ішінде дәрігерлер апелляциялық шағым түсіре алады.
Айта кетейік, бастапқыда басқарма тоғыз қызметкерді шығару жөнінде талап қойған, алайда олардың үшеуі сот процесі кезінде өз еркімен пәтерден көшіп кеткен.
«Дәрігерлер үйінде» тұру мерзімі бес жылмен шектеледі. Бұл — жас мамандарға берілетін әлеуметтік қолдау тетігі. Осы уақыт ішінде дәрігерлер жеке баспанасына қаражат жинауы тиіс. Егер бір бөлігіне ғана тұрақты тұруға мүмкіндік берілсе, онда тең қолжетімділік бұзылады. Бұл шешім барлық маман үшін әділ әрі ашық болуы тиіс», — деді Сәкен Әмрин.
Материал авторы