Түркістан облысында 30 жастағы жігітті азаптап өлтіргендерге үкім шықты
Қайғылы оқиға Мақтаарал ауданында болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында 30 жастағы Азиз Құралбаевты азаптап өлтіргендердің ісіне нүкте қойылды. Сот төрт айыпталушыға жаза кесті.
Қайғылы оқиға Мақтаарал ауданында болған. Азиз Құралбаев ауылынан шығып, қалыңдығына кездесуге барған. Үйіне қайтар жолда алты жігіт оны тоқтатып, «неге біздің қыздарға барасың?» деп жанжал шығарған. Жәбірленуші жағдай ушығатынын сезіп, кетіп қалмақ болған, бірақ олар қуып жетіп, көліктен сүйреп шығарған.
Куәгерлердің айтуынша, жігітті аяусыз соққыға жығып, күштеп арақ ішкізген, денесін темекімен күйдірген. Құралбаев ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, үш ай комада жатып көз жұмды.
Сот шешімі бойынша алты күдіктінің төртеуі ғана жазаланды: үшеуі – үш жылға, біреуі сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Екі қатысушы мүлдем жауапқа тартылған жоқ.
Марқұмның туыстары мұндай шешімге наразы. Олар жаза тым жеңіл екенін айтып, «адамды азаптап өлтіргендер лайықты жауапқа тартылған жоқ» деп мәлімдеді.
Материал авторы