SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 11 жылға сотталған экс-банкир Жомарт Ертаевтың рақымшылық арқылы бостандыққа шығуы бойынша шешімнің қайта қаралғанын мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, Ертаевқа қатысты сот қаулысы бұзылған.
«Өтінішімді қолдап, әділ шешім қабылдануына ықпал еткен Бас прокуратураға, Алматы облысының прокурорына, сотқа және бұл мәселені алғаш көтерген журналистерге алғыс айтамын», — деп жазды Құспан.
Бұл дерекке қатысты тағы бір мәжілісмен Ермұрат Бапи де пікір білдіріп, прокуратураның қарсылығынан кейін Жомарт Ертаевтың қайта қамауға алынатынын растады.
Kazinform агенттігі Алматы облысының сотына және ҚР Бас прокуратурасына ресми сауал жолдағанын хабарлады.
Жомарт Ертаев 2018 жылы Мәскеуде Қазақстанның сұрауы бойынша ұсталып, 2019 жылы экстрадицияланған. Тергеу дерегінше, ол 2011–2017 жылдары «Bank RBK»-дан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Бұл іске барлығы 54 адам тартылған, олардың ішінде 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлері болған.
2020 жылдың қарашасында Алматы соты Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда биыл қыркүйекте рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан болатын.
RUS