SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция президенті Эмманюэль Макрон Ресейді терроризммен қатар еуропалықтарға ең үлкен құрылымдық қауіп деп атады. Бұл туралы ол Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымына берген сұхбатында айтты.
Макронның айтуынша, Ресей Еуропаның ұжымдық қауіпсіздігіне бірнеше бағытта ықпал етіп отыр: сайлау процестеріне араласу, кибершабуылдар, оппозиционерлерге жасалған қастандықтар мен миграциялық ағындарды қысым құралы ретінде пайдалану.
«Ресей біздің әуе қорғанысымызды сынайды, ядролық доктринасын өзгертті. Ең қауіптісі – жалған ақпарат тарату арқылы еуропалық қоғам пікіріне ықпал етуі. Тіпті Франциядағы қандала індетіне қатысты әңгімелердің артында да ресейлік дезинформация тұр», – деді ол.
«Цифрлық армия» және боттар
Франция басшысы ресейлік боттар демократиялық жүйелерге қауіп төндіріп отырғанын айтты.
«Бұл – біздің демократиямызға еніп жатқан кішкентай, беймәлім жауынгерлер. Олар Францияда, Германияда және жалпы Еуропада қоғамдық пікірді бұрмалап, демократияны манипуляциялап отыр», – деді Макрон.
Санкциялар мен «көлеңкелі флот»
Президент санкциялар Ресейге қарағанда тиімді жұмыс істеп жатқанын, бірақ оларды күшейту қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, басты назар Ресейдің шамамен 800 кемеден тұратын «көлеңкелі флоты» болуы тиіс. Бұл кемелер санкцияларды айналып өтіп, Мәскеудің экономикасын сақтап қалуға көмектесуде.
«Оларды бақылап, бөгеп, Ресейге шығынды ұлғайтуымыз керек», – деді ол.
Қорғаныс және Украинаға қолдау
Макрон Еуропаға Ресейге қатысты «стратегиялық белгісіздік» саясатын ұстануға кеңес берді.
«Путинге біз не істемейтінімізді айта беру – әлсіздіктің белгісі. Біз оны белгісіздікте ұстауымыз керек», – деді Франция басшысы.
Сондай-ақ ол Германия канцлері Фридрих Мерцтің ЕО-да мұздатылған ресейлік активтерді Украинаға қолдау үшін пайдалану туралы жаңа ұстанымын қолдады.
«Бұл активтерді тікелей тәркілеу халықаралық құқықты бұзады. Бірақ олар Еуропаның ұзақ мерзімді қолдауын кепілдендіретін қаржы құралы бола алады. Бұл – франко-герман ынтымақтастығының нәтижесі», – деп түйіндеді ол.
RUS