SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап, сотқа өтініш түсіргенімен, кейіннен өз талабынан бас тартты. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі сот отырысы 2 қазанда онлайн-форматта өтті.
«Сот отырысы барысында сотталушы өтінішін қайтарып алды, соған байланысты ол қараусыз қалдырылды», — делінген ресми мәлімдемеде.
2023 жылғы 31 наурызда Қайрат Боранбаев бірқатар қылмыстық баптар бойынша — аса ірі көлемде ұрлық, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және қылмысқа қатысы бар әрекеттер үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Кейін апелляция нәтижесінде жаза 6 жылға қысқартылды. Алайда сол жылдың 6 қарашасында ҚАЖК Боранбаевтың қалған жазасы шектеулі бостандыққа ауыстырылғанын хабарлады. Бұған дейін ол мемлекетке ірі көлемде қаржы мен бизнес-активтерін берген болатын. Қазір кәсіпкер пробация қызметінің бақылауында.
Биыл жазда оның туған ағасы Мұрат Боранбаев та Алматыдағы ақылы автотұрақ ісі бойынша ұсталған еді. Кейін қала әкімдігі «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70%-ы мен Alan Parking компаниясының 100%-ын мемлекеттік меншікке қайтарғанын мәлімдеді.
RUS