Петропавлда таксисті өлімші етіп ұрған жолаушының соты басталды
Марқұмның туыстары істі «кісі өлтіру» бабымен қайта қарауды талап етіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда жазда болған қайғылы оқиғаға байланысты сот процесі басталды. 60 жастағы такси жүргізушісі Андрей Белоконенко темекі шеккісі келген жолаушымен жанжалдан кейін қаза тапқан еді.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 8 маусым күні Виталий Глушков пен досы Николай Чекунов таңнан бері арақ, сыра, кейін коньяк ішкен. Түскі уақытта олар өзенге бару үшін такси шақырған. Жолда Глушков көлікте темекі тұтатпақ болғанда, жүргізуші оған ескерту жасап, сигаретін сындырып тастаған. Осы сәтте жолаушы ашуға беріліп, таксисті бірнеше рет ұрған. Қария есін жоғалтып, комаға түсті. Алты күннен соң ауруханада көз жұмды.
39 жастағы Глушковтың тұрақты жұмысы жоқ, бұған дейін де мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған. Қазір ол сотталушы орындығында отыр. Оған Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабы бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатыр.
Марқұмның туыстары айыптауды жеңіл санап, істі «кісі өлтіру» бабымен қайта қарауды талап етуде.
«Оқиға сәті бейнежазбаға түсіп қалған. Онда жәбірленушінің дайын болмағаны, соққыны жанамалап алғаны, кейін оны қайта ұрғаны анық көрінеді», – деді марқұмның мүддесін қорғаушы Владимир Соложенцев.
Белоконенконың қазасынан кейін Петропавлдағы такси жүргізушілері бір аптаға қара лента тағып, әріптесін аза тұтты.
Материал авторы