«Қайратта» Дастан Сатпаевқа «Челсиге» кетер алдында ескерту жасалды
Ол жақта бәрібір бәсеке жоғары дейді Қайрат капитаны.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қайраттың» қорғаушысы әрі капитаны Александр Мартынович 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевтың лондондық «Челсиге» ауысуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол YouTube-тағы «Голевая передача» арнасына берген сұхбатында айтып берді.
— Дастан келесі маусымда «Челсиге» барады. Бұл клуб — оған жақсы таңдау ма? — деген сұраққа Мартынович былай жауап берді:
«Ол жақта бірден ойнау өте қиын болады. 18 жас үшін бәсекелестік деңгейі тым жоғары. Менің ойымша, оны болашаққа инвестиция ретінде сатып отыр. Ол 18-ге толған соң барып, клуб оның жағдайын көреді. Бірақ жас ойыншыға ең бастысы — тұрақты ойын тәжірибесі. Ал “Челсидей” ірі клубта оны алу қиын. Егер биыл айтарлықтай ілгерілеу көрсетіп, ойын практикасы көп болса — басқа әңгіме. Ал егер бір маусымға өз деңгейінен сәл жоғарырақ клубқа жалға кетсе, бұл ең дұрыс шешім болар еді».
— Яғни, «Челсиде» ойнау қиын, бірақ дұрыс аренда маңызды ғой? — деп нақтылаған журналистке ол:
«Иә. Ол жазға дейін бізбен бірге болады, 18 жасқа толған соң ғана кетеді. Бірақ мүмкін, бәрі сәтті болып, “Челсиде” бірден жарқ етер. Құдай қаласа, соны тілейміз. Біз бәріміз оны бақылап отырамыз», — деді Мартынович.
Айта кетейік, Дастан Сатпаев — «Қайрат» академиясының түлегі. Биыл ол Премьер-лигадағы негізгі құрамда бірнеше ойында алаңға шыққан және Еуропа скауттарының назарына іліккен алғашқы қазақстандық жас таланттардың бірі саналады.
Материал авторы