SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысында кәмелетке толмаған екі жасөспірім ерекше қажеттілігі бар балаға қорлық көрсетіп, оның аяқтарын күйдірген. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін полиция мен Оқу-ағарту министрлігі дереу әрекет етті.
Оқиға туралы ақпарат Telegram-дағы «Президентке хат» арнасында жарияланған. Кадрларда баланың аяғын отпен күйдіріп, мазақ еткен сәттер көрініс тапқан.
Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мәдина Бисембаева бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта екі тарап та — кәмелетке толмағандар. Сол себепті олардың ата-аналарына Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-1-бабы бойынша шара қолданылды. Зардап шеккен бала үйінде, оған психологиялық көмек көрсетіледі. Медициналық сараптама тағайындалды, қорытындысы әлі күтілуде. Оқиға өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында», – деді ол.
Өз кезегінде Қызылорда облысының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғағанынмәлімдеді.
«Күдікті кәмелетке толмаған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы менің жеке бақылауымда», – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.
RUS