4456

Кәсіпкер, маман, басшы, депутат, министр – әйелдер саны артып келеді

Қазақстанда әйелдердің қоғамдағы ықпалы жылдан-жылға күшейіп келеді. Қазір нәзік жандылар отбасы мен аналық міндетін адал атқарып қана қоймай, бизнес пен саясатта, ғылым мен мәдениетте де белсенділік танытуда. Қоғамдық өмірдің барлық саласында әйелдердің үлесі артып отырғаны қуантады.

Кәсіпкер, маман, басшы, депутат, министр – әйелдер саны артып келеді
instagram.com/bewoman.asia

Жақында Алматыда өткен Be Woman форумы осының айғағы болды. «Be Woman» – ағылшын тілінен аударғанда «Әйел болу» дегенді білдіреді. Бұл форум Орталық Азиядағы әйел көшбасшылығын дамытуға арналған ірі алаң саналады. Мұнда түрлі елдердің кәсіпкерлері, саясаткерлері мен қоғам белсенділері бас қосып, әйелдердің экономикалық және әлеуметтік өмірдегі рөлін талқылады.

Форумға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әйелдердің ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан әйелдері – экономиканың қозғаушы күші. Елдің халықаралық беделі де, дамудың деңгейі де әйелдердің әлеуетімен тікелей байланысты», – деді министр.

Оның сөзінше, қазір еліміздегі әрбір бесінші әйелдің жоғары білімі бар. Ал жоғары оқу орындарындағы студенттердің жартысына жуығы – қыздар. Ғылым саласындағы зерттеушілердің 55,7 пайызы, ал Astana Hub технопаркінде тіркелген стартаптардың әрбір жетіншісін әйелдер құрған. Сондай-ақ, қыздардың 30 пайызы STEM бағытындағы мамандықтарды таңдайды.

Министрдің айтуынша, қазақ әйелінің орташа өмір сүру ұзақтығы – 75,8 жыл. Бұл көрсеткіш тек демографиялық емес, сонымен қатар еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің деңгейін көрсетеді.

Балаева өз сөзінде:

«Қазіргі Қазақстан әйелі – білімді, заманауи, экономикалық тұрғыдан белсенді әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға. Ол бизнес жүргізіп, мемлекеттік жобаларды басқара алады, сонымен бірге отбасына берік, ұлт болашағын тәрбиелейтін мейірімді ана», – деді.

Ресми статистика да осыны растайды. 2025 жылдың басындағы мәліметке сүйенсек, еліміздегі 84 мыңнан астам мемлекеттік қызметкердің жартысынан көбі – әйелдер. Басшылық лауазым иелерінің 9 мыңнан астамы нәзік жандар.

Парламенттегі әйел депутаттар саны 28-ге жеткен – бұл барлық депутаттардың 18,9 пайызы. Ал мәслихаттарда әйелдер үлесі 22,7 пайыз (3 415 депутаттың 774-і). Мемлекеттік деңгейде 3 министр, 8 вице-министр және 3 аппарат басшысы әйелдер. Президентке тікелей бағынатын органдардың өзінде алты әйел басшылық қызметте отыр.

Сот жүйесінде де әйелдер белсенді: судьялардың 53 пайызы – әйелдер. Ал дипломатия мен әскери салада әзірге олардың үлесі төмен, елшілердің небәрі 4 пайызы, полиция қызметкерлерінің 16 пайызы ғана әйелдер.

Кәсіпкерлікте де нәзік жандылар көш бастап тұр. Елдегі жеке кәсіпкерлердің 53,4 пайызы әйелдерге тиесілі, ал шағын және орта бизнес нысандарының 48,2 пайызын әйелдер басқарады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау бағдарламалары іске асуда.

Мәселен, «Даму» қоры қызмет еткен уақыт ішінде 4,1 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру ұсынып, 105 мыңнан астам әйелдің жобасына қолдау көрсеткен.

Әйелдердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған бастамалардың бірі – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия. Комиссия сарапшылары заң шығару процесіне белсенді араласып, отбасылық және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 50-ден астам заңнамалық акт әзірлеген.

2024 жылы комиссияның өңірлік топтары еліміздің түкпір-түкпірін аралап, 2 мың әйелдің, соның ішінде 134 көпбалалы ананың мәселесін зерттеген. Аймақтардың ерекшелігі ескеріліп, нақты шешімдер қабылданған.

Қорытындылай айтқанда, бүгінгі қазақстандық әйел – қоғамның барлық саласында белсенді, жаңа ұрпаққа үлгі болар тұлға. Олар елдің экономикалық дамуына да, рухани өміріне де елеулі үлес қосып отыр.
Кәсіпкер де, министр де, ғалым да, ана да – бәрі де әйел бейнесінің жаңа қырын ашып отыр.

Авторы Серік Алдан