4614

Түркістанда мұғалім оқушы қызды зорлағаны үшін сотталды

38 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 8-сынып оқушысын азғындаған.

Түркістанда мұғалім оқушы қызды зорлағаны үшін сотталды
Wavebreak Media Ltd / 123RF

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында 38 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 8-сынып оқушысына қатысты орынсыз әрекеттері үшін 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Істің материалдарына сәйкес, педагог кәмелетке толмаған қызды көлікпен адам жоқ жерге апарып, оған қатысты әдепсіз қылық жасаған. Оқушы оқиғаның жайын туыстарына айтып бергеннен кейін ата-анасы полицияға шағымданған.

Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындамағанымен, тергеу органдары жеткілікті дәлелдер ұсынды.

– Тергеу нәтижесінде оның оқушымен өз бастамасымен хабарласқаны және орынсыз әрекеттерге барғаны анықталды, – деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғани Құлдасов.

Сот шешімі бойынша ер адам 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы білім беру саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Белгілі болғандай, педагог бес баланың әкесі және мектепте 16 жыл қызмет еткен.

Материал авторы