«Операцияны мас күйде жасаған»: Қостанайлық дәрігер науқастың өліміне себеп болды деген айып тағылды
Дәрігердің мас күйінде болуын операция кезінде ешкім байқамауы мүмкін емес дейді кәсіподақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында нейрохирург науқасқа операцияны алкогольдік мас күйінде жасаған деген күдікке ілінді.
Марқұмның туыстары өз сөздерін дәлелдеу үшін бейнежазба ұсынған. Олардың айтуынша, видеода операциядан кейінгі сәт бейнеленген. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.
Кадрларда Арқалыққа арнайы көлікпен келген нейрохирургтің әрекеті көрсетілген. Туыстары оның көлікпен қаладан кетпек болған сәтінде жолын бөгеп, тоқтатқан. Олар дәл осындай күйде ол өз әкесіне операция жасағанына сенімді.
Полиция күдіктіні медициналық сараптамаға жеткізді. Марқұмның қызы Әсел Оспанова дәрігердің операцияға дейін де күдік тудырғанын айтады.
– Медбикелер оның теңселіп, әрең тұрғанын көрген. Операция жасап болған соң, травматологты шақырған. Кейін медбикелер ол кабинетте ұйықтап қалғанын айтты, – дейді ол.
Қостанай облыстық жедел медициналық көмек станциясының басшылығы операцияның науқастың өлімімен аяқталғанын растады.
– Пациенттің қашан қайтыс болғанын сот-медициналық сараптама анықтайды. Операцияға бірнеше маман қатысқан, сондықтан нақты кімнің әрекеті өлімге себеп болғанын тексеру керек, – деді мекеме басшысының міндетін атқарушы Олег Мелешенко.
Ал «SENIM» салалық кәсіподағы дәрігердің мас күйінде болуын операция кезінде ешкім байқамауы мүмкін емес деп есептейді.
– Операцияда бір емес, бірнеше адам жұмыс істейді. Егер оның жағдайы күдік тудырса, әріптестері бірден шара қабылдар еді, – деді кәсіподақ филиалының төрайымы Татьяна Булгацевич.
Қазір полиция науқастың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Материал авторы