SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда Instagram-да 13 мың жазылушысы бар блогер Құралай Болатова соққыға жығылды. Оқиға Стамбулға арналған турға байланысты жанжалдан кейін болған.
Болатоваға шетелге тур жарнамалауды ұсынған. Ол өзі де ұйымдастырушыға 100 мың теңге алдын ала төлеген. Осы туралы stories жариялаған соң, бірнеше жазылушысы да сол адамға ақша аударып, тур сатып алған. Бірақ сапар жүзеге аспаған. Ақшасын қайтаруды талап еткен блогерге қоқан-лоққы жасалып, арты зорлыққа ұласқан.
3 қазан кешінде тур ұйымдастырушы мен оның құрбысы Құралайға кездесуді ұсынып, кейін оны қала сыртындағы зиратқа алып кетіп, ұрып, қорлаған.
«Мені алдап, соққыға жықты және қорлады. Мен үнсіз қала алмаймын. Шындық ашылуы керек, кінәлілер жазасын алсын. Заң бәріне бірдей болуы тиіс», — деп жазды Құралай Болатова Instagram парақшасында.
Полиция мәліметінше, 4 қазанда 25 жастағы тұрғын дене жарақаты бойынша арыз түсірген.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бейнежазбалар алынып, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Тергеу толық әрі әділ жүргізіледі», — деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта істің тергелу барысы облыстық полиция басшылығының жеке бақылауында.
RUS