SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің үйінен тәркіленген сән-салтанатты заттар аукцион арқылы сатылды.
7 қазан күні Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) 10 түрлі коллекциялық бұйымды онлайн саудаға шығарған. Тізімде күміс қаламдар, қылыштар, қанжарлар, монеталар мен ұлттық өрнегі бар белбеу бар.
Аталған заттардың барлығы сипаттамасы Масимовтың Нұр-Сұлтандағы (қазіргі Астана) бұрынғы резиденциясымен сәйкес келетін үйден алынған мүлік ретінде тіркелген.
Жалпы сатылымға қойылған бұйымдардың құны 3,5 миллион теңгеден асқан. Сауда нәтижесінде 10 лоттың жетеуі сатып алынды.
Сатылған заттардың ішінде:
Montegrappa Italia брендіне тиесілі күміс қалам – 440 мың теңгеге;
Visconti Firenze қаламы (Құран сүрелерімен безендірілген) – 402 мың теңгеге;
Сүйек сапты қылыш – 930 мың теңгеге;
Сары металмен өрнектелген қылыш – 837 мың теңгеге;
Болат қанжар – 185 мың теңгеге;
Монета жинақтары «Алма отаны», «Астана», «Бәйтерек», «Қазақстан картасы» – шамамен 199 мың теңгеге;
Екі өзге коллекциялық монета – 82 999 теңгеге сатылған.
Сатып алушы табылмаған заттар да болды:
«Алтын адам», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» сериясындағы монеталар, «Шығыс күнтізбесі» және «Қазақстан фаунасы» топтамасы, сондай-ақ 183 мың теңгеге бағаланған былғары белдік.
Айта кетсек, бұл — ҚАБК-ның осы заттарды екінші рет сатуға ұсынуы. Бірінші аукцион 16 қыркүйекте өткен, бірақ сол кезде сатып алушылар табылмаған.
Бұған дейін Масимовтың Астанадағы сарай үлгісіндегі үйі әлеуметтік нысан ретінде пайдалануға берілетіні хабарланған еді. Үймен бірге бірнеше жер телімі мен 879 түрлі мүлік (мебель, әшекей, коллекциялық монеталар және сувенирлік қару-жарақ) тәркіленген.



Фото: e-qazyna.kz
RUS