SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Францияның Ним қаласында Жизель Пелико ісі бойынша апелляциялық сот басталды. Бұл іс елде жыныстық зорлық-зомбылықпен күрестің символына айналған болатын.
Жизельді бірнеше жыл бойы оның бұрынғы күйеуі Доминик пен ондаған ер адам зорлағаны белгілі. Солардың бірі – Хусаметтин Доган, ол былтыр тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған. Енді ер адам өз жазасын әділетсіз деп санап, сот шешімін қайта қарауды сұрап отыр.
Доганның адвокатының айтуынша, ол Жизельмен кездеспес бұрын оның күйеуімен онлайн байланысқа шыққан. 2019 жылдың маусымында Доган ерлі-зайыптылардың үйіне келген, ал сол түні Жизель ес-түссіз күйде зорланған. Адвокаттың сөзіне қарағанда, Доган мұны «ерлі-зайыптылардың келісімімен жасалатын эротикалық ойын» деп ойлаған.
Тергеу анықтағандай, Жизельдің бұрынғы күйеуі Доминик әйеліне есірткі беріп, оны ұйықтатып тастап, бөтен ер адамдарды үйге шақырып отырған. Ол 20 жылға сотталған және үкімге шағым түсірмейтінін мәлімдеген.
Қазір сот басты назарды Доганның әрекетке барған кезде Жизельдің жағдайынан хабардар болған-болмағанына аударып отыр. Франция заңнамасына сай, айыпталушының ниеті мен білген-білмегені – кінәні анықтауда шешуші фактор.
Апелляциялық соттың шешімі бойынша, Хусаметтин Доганның жазасы сол қалпында қалуы да, азаюы да, керісінше 20 жылға дейін ұлғаюы да мүмкін.
RUS