SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының соты жергілікті тұрғынды саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танып, оған тиісті әлеуметтік көмек тағайындады.
Әйел 1953 жылы Өскеменде дүниеге келген. Оның ата-анасы 1937 жылы КСРО билігінің шешімімен Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп қоныс аударылған корейлердің қатарында болған. Сол кезде НКВД шамамен 172 мың адамды Қазақстан мен Өзбекстанға зорлап көшірген еді.
— Өтініш иесінің әкесі жаппай жер аудару кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, ал анасы балаларымен бірге арнайы қоныста болған. Бұл деректер құжаттар мен мұрағаттық анықтамалар арқылы расталды. Бұған дейін оның әпкесіне де осындай мәртебе берілген, — делінген сот шешімінде.
Осы шешімге сәйкес, ШҚО тұрғыны енді саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесіне және тиісті әлеуметтік қолдау шараларына ие болады. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, 1937–1938 жылдардағы «үлкен террор» кезінде 1284 қазақстандық сотталып, олардың 1100-ден астамы ату жазасына кесілген. Сол жылдары репрессия құрбаны болғандардың арасында Ұраз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлин сияқты елдің көрнекті тұлғалары бар. Барлығы да кейіннен ақталған.
RUS