Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Антикорға қарсы істі Жоғарғы сотта жеңді
Блогер жала жапты деген айыппен қамалған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев «жала жапты» деген айыппен 20 тәулікке қамалған іс бойынша толық ақталып шықты. Бұл шешімді Жоғарғы соттың кассациялық алқасы қабылдады.
Сот бірінші инстанцияның қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Осылайша, Сәрсенбаевтың аты толық ақталды.
«Бес ай күткен әділдік орнады! Әділ шешім шығарған Жоғарғы сот судьяларына алғыс айтамын. Президент айтқан сот реформаларының нәтижесін бүгін көрдік», – деп жазды блогер желідегі жазбасында.
Азаматтың адвокаты Сері Әбіл де істің бастапқыда заңсыз қозғалғанын айтты. Оның сөзінше, жала жабу бабымен тек жеке тұлғаға қатысты іс қозғалуы мүмкін, ал бұл жағдайда жәбірленуші мемлекеттік орган – Антикорболған.
Блогер енді заңсыз қамауға алынғаны үшін моральдық өтемақы талап етпек.
Айта кетейік, Сәрсенбаев биыл көктемде Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған орынды видеоға түсіргеннен кейін ұсталып, әкімшілік қамауға алынған еді.
Материал авторы