Қарағандыда жеті баланың анасы миллиардтаған алаяқтық ісі бойынша сотталып жатыр
Әйел 447 адамнан ақша алу дерегі бойынша айыпталып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда жеті баланың анасын ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сотқа тартты. Тергеу дерегінше, оның атына 447 адамнан ақша алу дерегі тіркелген.
Айыпталушы Қытай, Түркия және Ресейден тауар жеткізетінін айтып, желі арқылы түрлі өнімдерді — тұрмыстық техникадан бастап, жиһаз бен көлікке дейін — төмен бағамен сатқан. Алғашқы тапсырыстар расымен келген соң, әйел сатып алушылардың сеніміне кірген. Кейін тапсырыс көбейген сайын уәделер мен сылтаулар басталған.
«2023 жылдың қарашасында 1,5 миллион теңге аудардым. Алғашында бәрі адал еді — колонка, құрал-жабдықтар келіп тұрды. Кейін техника мен жиһаз алмақ болдым, бірақ тек “күтіңіз” деген жауап қана алдым», — деді жәбірленушілердің бірі Хурмат Ходжаев сотта.
Тергеу мәліметінше, жалпы шығын 2 миллиард теңгеге жуық. Жәбірленушілер әйелдің ақшаны жеке пайдасына жұмсағанын айтады. Экспертиза қорытындысына сай, ол миллиондаған теңгені онлайн ойындарға, мейрамхана мен саунаға, сондай-ақ туыстарының есепшоттарына аударған.
Күдікті біраз уақыт тергеуден жалтарғанымен, кейін жүктілік туралы анықтама көрсетіп, үйқамаққа ауыстырылған. Ал жәбірленушілер оның TikTok-та белсенді болып, мүлкін сатумен айналысқанын айтады.
Сотқа қатысушылар істің жалғыз адаммен шектелмегенін айтып, қосымша тергеу жүргізуді талап етті.
Қазір әйелге Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі («Ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша айып тағылған. Ол өз кінәсін мойындамай отыр.
Қорғаушысы Евгений Теннің айтуынша, айыпталушының заңды бизнесі болған, мыңдаған табысты тапсырыс орындаған.
«Мақсаты не еді? 9 мың сәтті тапсырысы бар кәсіпкер неге 400 адамды алдасын?» — дейді адвокат.
Жәбірленушілер сот отырыстарына онлайн қосылады. Іс бойынша шешім әлі шыққан жоқ.
Материал авторы