«Петропавл қаласындағы бірқатар азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келетін мәлімдемелері қоғам арасында резонанс туғызып, бүкіл халықтың мазасын алуда. Бұл оқиға еліміздегі құқықтық сана және қоғамдық процесстер саласындағы фундаменталды проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Азаматтар өздерінің іс-қадамдары үшін нақты заң алдында қатаң жауап беретіндігін сезініп, түсінуі тиіс! Құқықтық мемлекет дегеніміз - заң және тәртіп! Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, іс-әрекеттері мемлекеттің территориялық тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінде Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру әрекеттеріне ауыр жаза қарастырылған. Бұл оқиға еліміздің ақпараттық-қоғамдық саласында да терең проблемалардың да бар екендігін көрсетті», - деп атап өтеді Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының атына депутаттық сауал жолдаған Ерлан Саиров.
Оның атап өтуінше, азаматтардың мемлекеттік өзін-өзі сезіну мәселесімен ешбір мемлекеттік орган жүйелі айналысып отырған жоқ. Мемлекеттің және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік проблемасы ушығып тұр. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдеріне әлеуметтік- экономика, саясат саладында өздерін көрсетуге, бейбіт, лайықты өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Сондықтан, Қазақстанның әр-бір азаматы мемлекеттің бірлігі мен еліміздің территориялық тұтастығы үшін аянбай еңбек етіп, күресуі керек.
«Бұл барлығымыздың перзенттік парызымыз! Қазақстанда Сепаратизмге жол жоқ. Бұл еліміздің барша азаматтарының талап-тілегі! AMANAT партиясы Фракциясы мүшелері Үкімет құзырлы органдармен бірлесе отырып, келесі жедел қадамдар жасауы маңызды деп есептейді. Біріншіден, құзырлы органдар еліміздің мемлекеттік бұлжұмастығы мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге қабілетті жасырын, жасырын емес топтарға қатысты құқықтық тексеру жүргізіп, олардың тамырына балта шабу қажет. Екінші, халық арасында құқықтық ағарту жүргізе отырып, азаматтардың әр-бір сөзі мен қадамының құқықтық терең салдары жөнінде ескерту өте маңызды. Үшінші, жастар, ересектер арасында Қазақстандық патриотизм, мемлекеттік мүдде құндылықтарын уағыздайтын концептуалдық бағыт-бағдар жасау уақыт талабы. Төртінше, шекаралық аймақтарда Қазақстан мемлекетінің ақпараттық күш-қуатын арттыратын тетіктер жасау қажет. Бесінше, азаматтардың Қазақстандық мемлекеттік өзін-өзі сезіну мәдениетін қалыптастыру үшін нақты қадамдар дайындау кезек күттірмейді», - деді Мәжіліс депутаты.