Биыл есірткі саудасына қатысы бар 61 жасөспірім ұсталған
40 колледж студенті болса, 10 мектеп оқушысы дейді басшы.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, биылғы жылдың тоғыз айында елімізде есірткіні жасырын таратумен айналысқан 61 жасөспірім анықталып, ұсталды. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәл жоғары. Ұсталғандардың арасында 40 колледж студенті мен 10 мектеп оқушысы бар.
«Есірткіні жасырын таратқаны үшін 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен, қоғамда мұндай ауыр қылмыс жасағандарды 13 жастан жауапқа тарту керек деген пікір бар. Бірақ министрлік бұл шекті төмендетуді жоспарлап отырған жоқ», — деді Әмірханов.
Ол сондай-ақ есірткі өндірісіне қатысты жаза қатаңдатылғанын еске салды. Енді мұндай әрекет үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Биыл 16 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, 20 қылмыстық іс қозғалды. 60 адам ұсталды, оның ішінде 16-сы топ басшысы. Олардың қоймаларынан 950 келіден астам түрлі есірткі тәркіленді», — деді ол.
Айта кетейік, бұл деректер ІІМ-де өткен қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған Үкімет сағатында жария етілді.
Материал авторы