Ақтауда мас ер адам пышақпен бөгде пәтерге кіруге тырысқан (ВИДЕО)
Оқиға үйдің үшінші қабатында болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда мас күйдегі ер адам пышақ ұстап, өзге біреудің пәтеріне кірмек болған. Оқиға 8-шағын аудандағы №22 үйдің үшінші қабатында болған, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам кондиционердің сыртқы блоктарына жармасып, терезе арқылы пәтерге кіруге тырысқан. Тұрғындардың бірі оқиғаны видеоға түсіріп алған.
«Бақытымызға орай, иттер үріп, шу шығарды. Не істегісі келгенін білмейміз, бірақ полицияның шара қолдануын сұраймыз», — дейді жергілікті тұрғындар.
Полицияның мәліметінше, 1991 жылы туған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Медициналық сараптама ер адамның оқиға кезінде мас күйде болғанын растады.
Материал авторы