577

Дастан Сатпаев The Guardian нұсқасы бойынша әлемнің үздік жас ойыншылары тізіміне енді

Дастан Сәтпаев үздік футболшылар қатарынан табылды.

Дастан Сатпаев The Guardian нұсқасы бойынша әлемнің үздік жас ойыншылары тізіміне енді
instagram.com/d.satpayev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, британдық The Guardian басылымы 2008 жылы туған ең үздік 60 жас футболшының тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық шабуылшы, алматылық «Қайрат» ойыншысы Дастан Сатпаев та бар.

Тізімде футболшыларды орын бойынша емес, жалпы ретсіз түрде атаған. Дастанмен бірге рейтингке тбилисилік «Динамо» қорғаушысы Саба Харебашвили мен өзбекстандық «Бунёдкор» шабуылшысы Садриддин Хасанов та кірген.

Сонымен қатар үздіктер қатарында «Барселона» клубының екі ойыншысы — венгриялық Тони Фернандес пен жартылай қорғаушы Нико Гильен, дортмундтық «Боруссияның» шабуылшысы Самуэль Инасио, «Баварияның» жартылай қорғаушысы Карл Леннарт, сондай-ақ «Пари Сен-Жерменнің» (ПСЖ) форварды Ибрагим Мбайе бар. Айта кетсек, Мбайе биыл париждік клуб сапында тоғыз матч өткізіп үлгерген, соның ішінде Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Барселонаға» қарсы ойында негізгі құрамда шыққан.

Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Дастан Сатпаевты Лихтенштейн және Солтүстік Македониямен болатын матчтарға шақырған еді. Алайда «Қайраттың» ардагері Құралбек Ордабаев ойыншының жарақат алғанын мәлімдеген — оның жамбас бұлшықетінде төрт сантиметрлік ісік пен микрожарықтар анықталған.

Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты растады.

«Қайраттың шабуылшысы бүгін түнде Дохаға ұшып барады. Ол жерде дәрігерлердің кеңесімен қосымша тексеруден өтеді», — деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.

Материал авторы