1607

Назарбаевтың баспасөз хатшысы Сара Назарбаеваның жағдайына қатысты мәлімдеме жасады

Сара Алпысқызы биыл сәуір айынан бері Ұлттық госпитальде жатқан көрінеді.

Назарбаевтың баспасөз хатшысы Сара Назарбаеваның жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты ақпараттарға түсініктеме берді.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Сара Алпысқызының денсаулығы мен қай жерде екені жөнінде шындыққа жанаспайтын мәліметтер мен болжамдар көбейіп кеткен.

«Сара Назарбаева биыл сәуір айынан бастап Алматы қаласындағы Президент істері басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. Барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай жүргізіліп, отандық мамандардың бақылауында өтуде», – деді Айдос Үкібай.

Ол сондай-ақ емдеу шаралары жоғары кәсіби деңгейде жүргізіліп жатқанын және Сара Алпысқызының денсаулығы дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.

Айдос Үкібай журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларын жалған ақпарат таратпауға және Сара Назарбаеваның атын жалаң әңгімеге араластырмауға шақырды:

«БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан әдептілік танытып, Сара Алпысқызының есімін негізсіз болжамдар мен сенсациялар жасау үшін пайдаланбауды сұраймын», – деді ол.

Сөз соңында баспасөз хатшысы Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты ресми әрі нақты мәліметтер тек ресми дереккөздерден алынуы тиіс екенін ескертті.

Материал авторы