Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған қария қайтыс болды
Ұшақ апаты болатын күні бортта марқұм Нурулла Сираджов пен жұбайы болған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әзербайжан азаматы Нурулла Сираджов Ақтау маңындағы әуе апатынан аман қалғанымен, 2025 жылғы 18 қазанда таңертең Бакудегі өз үйінде қайтыс болды.
Қайғылы оқиға болған күні ер адам жұбайымен бірге Грозныйға, ұлдарын көруге бара жатқан. Алайда ұшақ апатқа ұшырап, екеуі де жарақат алған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Нурулла Сираджов онкологиялық аурумен ауырған және Грозныйға операция жасатуға бара жатқан. Апат салдарынан жоспарланған операция өтпей қалған, кейін ол Бакуде ем қабылдаған.
Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатып, Ақтау әуежайы маңында құлаған. Бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 29 адам тірі қалған.
Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, апаттың себептерінің бірі — әуе кеңістігінде болған украиналық ұшқышсыз аппараттардың әрекеті болуы мүмкін. Оның сөзінше, сол күні Ресей шекарасын үш украиналық дрон кесіп өткен.
Путин мәлімдегендей, Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі ұшаққа тікелей соққы бермеген, бірақ екі зымыран ұшақ маңында жарылып, AZAL ұшағына жарылыс сынықтары тиген болуы ықтимал.
Материал авторы