996

Қарғалыдағы дау: Оқушылар 13 жастағы қызды зорлағанын видеоға түсіріп, оны сатқан

Жетім қызды зорлады деген жеті жасөспірім ұсталған еді.

Қарғалыдағы дау: Оқушылар 13 жастағы қызды зорлағанын видеоға түсіріп, оны сатқан
Alamy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында жасөспірімдер қатысқан даулы оқиға бойынша тергеу басталды. Олар 13 жастағы қыздың қатысуымен азғын мазмұндағы видео түсіріп, оны мессенджер арқылы сатып жіберген. Бұл туралы Orda.kz жазды.

Оқиға қыркүйек айының соңында болған, бірақ жұртшылыққа тек өткен аптада белгілі болды. Тергеу барысында қыздың ата-анасыз өскені және ерекше білім беру қажеттілігі бар екені анықталды. Ол туысымен бірге тұрып келген, алайда әйелдің жұмысы мен уақытының тығыздығынан бала көбіне өз бетімен жүрген.

Мектеп директоры Гүлзар Сераждинованың айтуынша, жағдай туралы ол 13 қазанда бір ата-анадан естіген.

«Мұндайды бірінші рет көруім. Бірден ата-аналарды шақырып, полицияға хабар бердім. Барлық оқушылардың ата-аналары түсініктеме берді. Қыздың қамқоршысы – туысы. Ол күн сайын Талғарға жұмысқа кетіп, түн ортасында келеді. Сол себепті қызға бақылау аз болған», – деді ол.

Полиция барлық қатысушыларды анықтады: олардың жасы 10 бен 15 жас аралығында, яғни 4–9 сынып оқушылары. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы («Он алты жасқа толмағандарды азғындық жолға түсіру») бойынша жүргізілуде.

Мектеп тарапынан балалар уақытша қашықтан оқуға жіберілген. Ал ата-аналар олардың мектепке оралуына қарсы. Кейін кейбір тұрғындар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, жағдайды одан әрі ушықтырған.

«Қызбен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Оны Конаев қаласына сараптамаға апарды. Видеоның мазмұны зерттеліп жатыр. Алдын ала дерек бойынша, нақты зорлық фактісі болмаған, бірақ жағдайдың мән-жайын тергеу анықтайды», – деп түсіндірді мектеп директоры.

Мектеп жанындағы ата-аналар комитетінің мүшесі Саиданың айтуынша, бейнежазба 21 қыркүйекте түсірілген, кейін Telegram-арнаға 45 мың теңгеге сатылған.

«Біз балалардың мектепке баруын тоқтатуды сұрадық, себебі өзге оқушылар ашуға булығып отыр. Сонымен қатар қыздың туысынан қамқорлықты алып, оны қорғау орталығына беруді талап етеміз. Бұл бала үшін қауіпсіздеу шешім болады деп ойлаймыз», – деді ол.

Қазір істі Ұзынағаш полиция басқармасы тергеп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша құқық қорғау органдары мен қамқоршылық мекемелері шешім қабылдайды.

Материал авторы