Айзаттың өлімі: Күйеуі атпен сүйреп өлтірген келіншектің өлімін «кездейсоқ жағдай» деп жабуға тырысқан
Марқұм Айзат Жұманованы күйеуі 2 жасар қызының көзінше азаптап өлтірген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс жаңа деректермен толықты. Алғашында полиция бұл қылмысты «абайсызда болған өлім» деп бағалаған. Алайда марқұмның ата-анасы мен қоғам белсенділерінің табандылығының арқасында іс қайта қаралды.
Оқиға биыл маусым айында болған. Айзатты күйеуі ауруханаға өзі жеткізген. Әйел ауыр соққыдан ес-түссіз күйде жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, жарты сағаттан кейін көз жұмған.
Алғашқыда тергеу «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге соқтыру» бабы бойынша қозғалған. Полиция ол кезде былай деп мәлімдеген:
«Күйеуі өзі алып келген, демек, өлтіру ниеті болмаған».
Бұл сөз қоғам мен туыстардың ашу-ызасын туғызды. Себебі суреттер мен куәгерлердің сөздері әйелдің ұзақ әрі қатыгез түрде соққыға жығылғанын дәлелдеді.
Марқұмның ата-анасы Талдықорғандағы алғашқы сараптама қорытындысымен келіспей, эксгумация жасатып, Алматыда қайта сараптама жүргізуге қол жеткізді. Дәл осы сараптама істің бағытын түбегейлі өзгертті.
Мамандар денедегі жарақаттардың ауыр затпен — битамен немесе басқа да темір құралмен жасалғанын анықтады.
«Зақымдар жүйелі түрде соққыға жығылғанын көрсетеді. Бұл – бір реттік жанжал емес, ұзақ азаптау. Денеде көптеген көгерген, сынған, жыртылған жарақаттар бар. Жерге сүйрету белгілері расталмады», — делінген сараптама қорытындысында.
Ең бастысы — сарапшылардың айтуынша, Айзат алған жарақаттарынан тірі қалу мүмкін емес болған, тіпті медициналық көмек бір-екі сағат ерте көрсетілсе де.
Осы тұжырымдардан кейін тергеу «абайсыздық» нұсқасын жоққа шығарып, істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша қайта квалификациялады.
Марқұмның анасы:
«Қызымды тірі кезінде емес, ессіз күйде алып келген. Сол кезде де бәрін „оқыс жағдай“ деумен айналысты. Егер уақытында жеткізгенде, мүмкін тірі қалар еді», — дейді.
Қазір әйелдің туыстары қызының азапталған сәтінде қасында болып, үнсіз қалған барлық адамдарды жауапқа тартуды талап етуде.
Күдікті ретінде Айзаттың күйеуі Айбар Қайратұлы ұсталды. Ол бұған дейін Қапал ауылдық округінің әкімі болуға өз кандидатурасын ұсынған.
Материал авторы