SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік танымал журналист әрі Youtube-шоу авторы Юрий Дудь қазақстандық блогер Алишер Елікбаевқа берген қысқа сұхбатында неге Қазақстанға бара алмай жүргенін айтты.
Елікбаев Дудьпен Португалияның Мадейра аралында кездесіп, оны видеоға түсірген. Журналистің жауабы көпшіліктің назарын бірден аударды.
«Өкінішке қарай, мен қазір Қазақстанға бара алмаймын. Маған қызық кейіпкерлер бар, бірақ оларды дұрыс форматта тек Қазақстанда ғана түсіруге болады. Ал менің ол жаққа баруыма мүмкіндік жоқ. Ресейде маған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сол себепті Қазақстан мені экстрадициялауы мүмкін. Қазақ халқына деген үлкен құрметім мен достарым болғанына қарамастан, әзірге елге бара алмаймын. Оларды бейтарап аумақтарда ғана кездестіремін», — деді Юрий Дудь.
Сұхбаттың жалғасында Елікбаев журналистке жеңілдетілген блиц-сұрақтар қойды: Jah Khalib айтқан ең көрікті үш әнші есінде ме, «Ирина Кайратовна» әзірлеген бешбармақтың құрамында не болған және тағы басқа көңілді сұрақтар.
Еске салайық, Юрий Дудьке қатысты қылмыстық іс Ресейде шілде айының басында қозғалған. Ал 22 шілдеде Мәскеу соты оны сырттай қамауға алу және халықаралық іздеу жариялау туралы шешім шығарған.
RUS