Жамбылдағы мектеп директоры оқушының өліміне қарамастан ақталып шықты
Дәретханада қаза тапқан оқушының ісін прокуратура жапты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында оқушының өліміне байланысты айып тағылған мектеп директоры қызметіне қайта оралды.
Байзақ аудандық прокуратурасы Құмжота ауылының мектебінің директоры Қанатбек Байтенге қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Тергеу нәтижесінде оны қылмысты жасыруға қатысы бар деген айып дәлелденбеген.
«Бұл оқиға бәрімізге ауыр тиді. Мен жұмыстан шеттетілдім, жарты жыл тергеу жүрді. Енді, міне, 29 қыркүйектен бастап қайта қызметке кірістім», — деді Байтен.
Қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 сәуірінде болған. Мектептің аға сынып оқушылары кішілерін даладағы дәретханаға шақырып, төбелес шығарған. Сол кезде 8-сынып оқушысы Мирас кеудесіне соққы алып, көз жұмған.
Сот үкімімен үш жасөспірімнің кінәсі дәлелденді: екеуі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, ал үшіншісіне 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Оқиғадан кейін Қанатбек Байтен уақытша жұмыстан босатылған еді. Алайда сот оның пайдасына шешім шығарып, жұмысқа қайта алу және 9 миллион теңге өтемақы төлеу туралы қаулы қабылдады.
Осылайша, резонансты істен кейін директор толықтай ақталып, мектеп басшылығына қайта тағайындалды.
Материал авторы