703

Халыққа қолжетімді бағада: Қазақстанда KIA көліктері арзандайтын болды

Тоқаев көлікті лизинг арқылы алу мүмкіндігін берді.

Халыққа қолжетімді бағада: Қазақстанда KIA көліктері арзандайтын болды
kia.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында жаңа KIA Qazaqstan зауытының ашылуына онлайн-режимде қатысты. Кәсіпорын еліміздің автоөнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі саналады. Мемлекет басшысы сонымен қатар енді қазақстандықтарға көлікті лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі берілетінін хабарлады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

— Соған сәйкес азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл көліктердің халыққа барынша қолжетімді болуына жол ашады. Қостанайда іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты да отандық автоөнеркәсіптің технологиялық жаңғыруына серпін береді. Кәсіпорын алдағы уақытта жаңа модельдер шығарып, қазақстандық көліктердің сыртқы нарыққа жол ашуына мүмкіндік тудырады, — деді Президент.

KIA Qazaqstan зауытының аумағы шамамен 63 гектар. Өндіріс қуаттылығы — жылына 70 мың көлік, инвестиция көлемі — 131,5 млрд теңге. Кәсіпорында 1500 адам жұмыс істейді. Әрбір жаңа жұмыс орны автоөндірістің айналасында тағы алты қосымша жұмыс орнын ашуға ықпал етеді — логистикадан бастап қызмет көрсету саласына дейін.

Зауыт іске қосылған сәтте Тоқаев Қазақстанда құрастырылған алғашқы KIA Sorento көлігінің шығуына да рұқсат берді. Президенттің айтуынша, бұл тек өндірістік бастама емес, еліміздің индустриялық деңгейінің жаңа сатыға көтерілгенін көрсетеді:

«Біз енді тек көлік сатып алатын емес, көлік шығаратын елге айналып келеміз», — деді ол.

Компания жақын арада корпоративтік оқыту орталығын ашпақ. Онда инженерлер мен техниктер заманауи стандарттарға сай дайындалады. Сонымен бірге KIA зауыты қазақстандық және корейлік университеттермен бірлесіп кадр даярлауға кіріскен.

Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекет машина жасау саласын әрі қарай да қолдай береді. Былтыр бұл салаға 290 млрд теңге, ал биылғы жылдың басынан бері 178 млрд теңге инвестиция бағытталған.

Жоба — Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өнеркәсіптік серіктестіктің маңызды бөлігі. 2024 жылы екі ел стратегиялық әріптестікті жаңартып, «K-Silk Road» тұжырымдамасы аясында жаңа экономикалық бағыттарға келіскен болатын.

Корея Қазақстанды технология мен өндіріс орталығы ретінде қарастырса, Қазақстан өз кезегінде жаңа технологиялар мен кадр даярлау мүмкіндіктеріне қол жеткізіп отыр.

Зауыт өнімдері Қазақстанмен қатар, Орталық Азия және ЕАЭО елдеріне экспортталады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор