SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде нефролог дәрігер Абай Айсағалиевті айуандықпен өлтірген іс бойынша үкім шықты. 31 жастағы мейіргер Нұрсұлтан Шаймерденов «Адам өлтіру» және «Ұрлық» баптары бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жәнібек Сейтжапаровтың айтуынша, сотталушы дәрігерді өлтіріп, денесін бір апта бойы мұздатқышта сақтап қойған.
Тергеу дерегінше, қайғылы оқиға 24 мамырда болған. Сол түні әріптестері дәрігермен байланыса алмай қалған соң, іздеу жариялаған. Ал Шаймерденов марқұмның телефонын пайдаланып, әріптестерін шатастырған – өзін Абай Айсағалиевтің атынан «аяғымды ауыртып алдым» деп хабарлаған.
Сот материалдарына сәйкес, дәрігерге төрт рет пышақ сұғылған. Кейін сотталушы оның басынан балтамен екі рет ұрған. Сараптама қорытындысы бойынша, Айсағалиев көп қан жоғалтудан көз жұмған – жүрегі мен өкпесі зақымданған.
Сот шешімімен Шаймерденов жәбірленушінің отбасына материалдық және моральдық шығын ретінде 15,8 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
69 жастағы Абай Айсағалиев – нефролог-дәрігер, аймақтағы тәжірибелі мамандардың бірі болған. Оның жалғыз ұлы Германияда тұрады.
RUS